Қазіргі уақытта балабақша – тек білім беру орны ғана емес, баланың жан-жақты дамуы үшін де маңызды орта саналады. ҚР Президенті Іс басқармасы «Қарлығаш» балабақшасының» директоры Гүлшат Оңланбекқызы қазіргі уақытта бала тәрибесінде не нәрсеге мән беру керегін айтты.
− Бүгінде балабақша табалдырығын аттаған кішкентай балапандар ертең ел тағдырына араласатын азамат болып қалыптасады. Оларға саналы тәрбие мен бойына ұлттық құндылықтарды дарыта білу – басты мақсат. Балалар біздің – болашағымыз дейміз. Ал сіздің өміріңізді осы саламен байланыстыруға не себеп болды? Бұл мамандыққа қалай келдіңіз?
− Бұл мамандыққа келуімнің бірден бір себебі балаларға деген махаббат деп ойлаймын. Мектепте оқып жүрген кезімде әжем ұстаздық жолына бағдар берген болатын. Содан бері тәуелсіз еліміздің тәлімді ұрпақтарын тәрбиелеу жолында еңбек етудемін. Білімді бала – білікті тәрбиешіден дегендей, қазіргі таңда балабақша қабырғасында еңбегімді жалғастырудамын. Мен әрбір баланың балабақшаға көтеріңкі көңіл-күймен келгенін қалаймын. Балалардың көз жасын көру мен үшін өте қиын. Сондықтан ата-аналар баланы балабақшаға дайындап, оларға жеткілікті көмек берсе деймін. Балаларға балабақшада қолайлы жағдай жасап, олардың қауіпсіз ортада тәрбиеленуіне аса назар аударудамыз. Тәрбие мен білім ошағының педагогтері де бала болашағы үшін аянып жатқан жоқ. Еліміздің жоспарына сай мектепке дейінгі тәрбие мен білім беру балабақша еншісінде.
− Сіз басқаратын балабақшада қандай ерекше білім беру әдістері немесе бағдарламалар қолданылады?
− Мектепке дейінгі ұйымдарда тәрбие мен білім саласында заманауи педагогикалық технологияларды қолдану өте маңызды. Олар баланың тікелей дамуы мен қалыптасуына бағдар береді. Мектепке дейінгі білім беру саласының басты мақсаты – заманауи әдістеріндің көмегімен жас ұрпақты оқыту мен сапалы тәрбие беру.
Біздің балабақшаның педагогтері балалармен жұмыста алдыңғы қатарлы халықаралық тәжірибелерді қолданады. Мысалы, мақсатты тілге ену әдісі, интеллектуалды дамудың мультимедиялық технологиясы, этно және Реджио педагогикасы, Сингапур технологиялары, робототехника негіздері және т.б. оқу-тәрбие процесінің ажырамас бөлігі саналады.
Сонымен қатар балабақшада STEAM технологиясы, Кванториумдар (био, аква, космо), «Кидзания» мамандықтар саябағы, Макото Шичида әдістемесі, Сорси дамыту әдістемесі, видеомэппинг, интерактивті технологиялары енгізілген. Бұл әдістердің көмегімен біз баланың мүмкіндіктері мен қабілеттерін ашып, келешек ұрпақтың белсенді әрі шығармашыл болуына үлес қосамыз.
Балабақшада ата-аналармен өзара әрекеттесу қалай ұйымдастырылған? Олардың балабақша жұмысына қатысуы деңгейі қандай?
− Біздің балабақшада жыл бойы ата-аналармен жоспарға сай әртүрлі жұмыстар ұйымдастырылады. Жаңадан қабылданған балалардың ата-аналары үшін балабақша басшылығымен және педагогикалық қызметкерлермен танысу, негізгі қызмет бойынша жүргізілетін жұмыс туралы ақпарат ұсынылды. Мектепке дейінгі білім беру саласындағы өзгерістермен, оқу жылының мақсат-міндеттерімен және жаңа оқу жылына арналған жоспарлармен таныстырылатын бірнеше кездесу өткізіледі. Кездесуде ата-аналар ұсыныстар мен тілектерін айтып, толғандырған сұрақтарына толық жауап алады. Осыған қоса, жылына бірнеше рет ата-аналардың қатысуымен түрлі форматтағы «Мейірбан ата-аналар» клубы, түрлі танымдық-музыкалық ойын-сауықтар, спорттық іс-шаралар, «Мектепке апарар жол», «Табиғатты аяла», «Қайырымды іс жаса» түрлі іс-шараға белсене қатысады.
Биылғы оқу жылында «Біртұтас тәрбие» бағдарламасын іске асыру үшін және ұлттық құндылықтарға негізделген «Әжелер мектебі», «Әкелер мен аналар мектебін» ұйымдастыру жоспарда бар. Жыл сайын дәстүрлі түрде мектеппен сабақтастықты күшейту мақсатында мектепалды даярлық топтарының тәрбиеленушілері үшін «Мен мектепке барамын» атты ата-аналар конференциясы ұйымдастырылады. Конференция ата-аналардың қажетілігі, сұранысы сараланып, мектеп өкілдерінің қатысуымен өтеді. Осы іс-шаралардың арқасында ата-аналар балабақша жұмысының бір жағынан қиын, ал бір жағынан қызық екеніне көз жеткізеді.
Қазіргі балаларды тәрбиелеу мен оқытуда қандай қиындықтарға тап боласыз және оларды қалай шешесіз?
− Балаларға жасалып жатқан жағдай мен мүмкіндіктер өте көп. Ата-аналар сол мүмкіндіктерді, яғни заманауи құралдарды пайдаланып, өздері балаларын назардан тыс қалдырып жатады. Заман ағымына сай телефон, гаджеттер, телевизор, ғаламтор сынды құралдар баланы жетілдіріп жатыр деген теріс түсінік қалыптасады. Соның есебінен тәрбие мәселесіне толыққанды көңіл бөлінбейді. Телефон мен теледидарға телмірген бала кеш сөйлеп, тілі кеш шығып жатады. Үйге келген баламен ауызекі сөйлеспей, қолына гаджет ұстатып қояды. Ал, ұйқы алдында мультфильм қосып, баланың ұйқы режимін бұзады. Ұйқысы қанып, миы демалмаған баланың дамуына бұл үлкен қауіп тудырады. Сосын кез келген бала гаджеттерді емін-еркін пайдаланады. Алайда, оның пайдасымен қатар зияны да бірге жүреді емес пе? Осы жерде тіл мәселесі шығады.
Бала тәрбиесіндегі отбасындағы кетіп жатқан кемшіліктердің бірі − өз ана тілін жетік меңгермеуі. Егер ата-анасы күнделікті баламен үйде ана тілінде сөйлемесе, бала балабақшада болсын, ойын алаңдарында болсын ана тілін қолданбайды. Сондықтан бұл мәселені балабақшадағы тәрбиеші ғана емес, үйдегі ата-ана да тікелей бақылауында ұстаған жөн деп санаймын. Балабақшадан үйге келген баламен ата-анасы еркін сөйлесуі керек. «Бүгін не үйрендің?», «Достарыңмен ойнадың ба?» деген сұрақтар арқылы балаға қызығушылық танытыңыз. Үйде бірігіп ойын ойнап, балаға кітап оқып, баламен сөйлескен дұрыс.
Балалардың жан дүниесіне терең үңіліп, оны ұғына біліңіз. Себебі болашақта баланың есінде бірлесіп өткізген уақыт қана қалады. Ешқандай ойыншық немесе телефон ата-ананың махаббаты мен жылуын алмастыра алмайды. Қазір ата-аналар уақыттың бар бөлігін жұмысқа арнайды. Жұмыстағы ауытпашылық, стресс әр отбасында кездеседі. Соның салдарынан балаға дұрыс ден қойылмайды деп ойлаймын.
Тағы жиі кездесетін мәселе – отбасындағы ажырасу. Жас ата-аналар бұл шешімге келер алдында өз мойындарына жүктелген жауапкершілікті сезіне алса деймін. Кей жас жанұялар аз уақыт ішінде екі жаққа кетіп жатады. Ал ортада қиналатын бала емес пе? Сондықтан кез келген шешімге келер алдында ең алдымен баланы ойлау керек. Сіздің жасаған бүгінгі қателігіңіз ертең баланың дамуына кері әсер етеді.
Балабақшада педагогтердің біліктілігін арттыру үшін қандай іс-шаралар жүргізіледі?
− «Қарлығаш» балабақшасының педагогтері өзін-өзі дамыту бойынша үнемі жұмыс істейді, әдістемелік құралдар әзірлеп, ақпарат құралдары арқылы тәжірибелерін таратады. Кәсіпорын педагогтерінің қазіргі санаттылық құрамы шамамен 69 пайызды құрайды. Жыл сайын педагогикалық қызметкерлер өз біліктіліктерін арнайы педагогикалық курс, түрлі деңгейдегі кәсіби іс-шаралар: семинар, конференция, шеберлік сынып, форумдарға қатысу арқылы шыңдап отырады. Озық педагогикалық тәжірибені зерделеу, қолдану және тарату бойынша 65-ке жуық әдістемелік құрал әзірленген, оның 21-і авторлық құқыққа ие. Биыл қалалық деңгейде таратуға ұсынылған әдістемелік ұсынымдарды Ы. Алтынсарин атындағы ҰБА-ның атындағы республикалық оқу-әдістемелік кеңеске қорғау жоспарланып отыр.
Балабақшаның қол жеткен жетістігі де аз емес. Жыл аясында «Абай оқулары», «Бояулар құпиясы», «Әнші бала» сынды республикалық, халықаралық, облыстық байқауларда бүлдіршіндер жеңімпаз атанып, мадақтамаларға ие болды.
Ерте жастағы білім берудің қоғамға және болашақ ұрпаққа әсері қандай деп ойлайсыз?
− Балабақша – тәрбие мен білімнің ең алғашқы баспалдағы, білім бастауы. Жас ұрпақтың тәрбиесі балабақша қабырғасынан бастау алады. Біз – балабақша ұжымы, балақайлардың табиғи мінезін, жан-жақты дамуын, өзін-өзі үйрету дағдыларын қалыптастырудамыз. Себебі мектепке дейінгі саналы тәрбие мен сапалы білім беру біздің басты мақсатымыз. 3 жастан 6 жасқа дейінгі балалардың балабақшадан үйренері көп. Ғалымдардың зерттеуі бойынша баланың миы мектеп жасына дейінгі кезеңде қалыптасады. Дәл осы жас аралығында балалардың ой-өрісі мен қарым-қабілеті артады. Баланың дара қабілетін анықтап, табандылығын шыңдап, мақсатын дұрыс қалыптастыра білсек, әрине қоғамға пайдалы тұлға сыйлаймыз.