АСТАНА. KAZINFORM – 14 қараша – халықаралық логопед күні, бұл логопедтерге, дефектологтарға және осы салада жұмыс істейтін мамандарға арналған кәсіби мереке. Соңғы кездері көптеген ата-ана баласының тілі кеш шығып жатқанына шағымданады және логопедке жүгінушілер саны артқан. Әсіресе аутизм, дислексия, тіл дамуының кешеуілдеуі сияқты жағдайлар жиі кездесуде. «Баланың сөйлеу қабілеті жасына сай ма? Бала тілі уақытылы шығу үшін не істеу керек?» деген сұрақтарға ҚР ПІБ Медициналық орталығы «Қарлығаш» балабақшасының» логопеді Махаббат Төлемісова толығырақ жауап береді.
—Баланың сөйлеу дағдылары мен сөздік қорының қалыпты дамып жатқанын қалай білуге болады?
— Бұған көз жеткізу үшін бірнеше маңызды белгілер мен даму кезеңдеріне назар аудару қажет. Әр бала дербес дамиды, бірақ жалпы бірнеше факторға көңіл бөлу маңызды. Бір жасқа дейін бала алғашқы дыбыстарды шығарып, қоршаған ортаға реакция білдіре бастайды (уілдейді, былдырлайды). Жастан асқанда – бала анасын, әкесін және отбасы мүшелерін (мама, әке, апа) атай бастайды. Екі жаста – бала «Су бер», «Алма жеймін» дегендей екі сөзден тұратын сөйлемдер айта алады. Үш жаста – баланың сөздік қоры 150-200 сөзге жетеді, сөйлемдер күрделене бастайды. Мысалы, «Әке, алма жеймін» деген толық сөйлемдерді қолдана алады. 4-5 жаста – баланың сөйлеуі айқын әрі түсінікті болады. Ол бірнеше сөйлемнен тұратын әңгімелер құра алады, сұрақтарға толық жауап береді.
Баланың сөздік қоры әртүрлі салаларды қамтуы керек: жануарлар, адамдар, тағамдар, түстер, дене мүшелері, әрекеттер және т.б. Бала үйренген жаңа сөздерді түсініп қана қоймай, оларды қолдана білуі қажет. Егер бала көрген немесе сезінген нәрселері туралы ойын жеткізе алса, бұл оның түсіну қабілеті мен сөздік қорының дамып келе жатқанын көрсетеді.
—Баланың сөйлеу проблемаларын қалай ерте анықтауға болады? Қандай белгілерге назар аударып, қашан логопедке жүгіну керек?
— Бұл үшін бала тілінің шығуын үнемі бақылап отыру маңызды. Егер қандай да бір ауытқулар байқалса, логопедке ерте жүгінген жөн. Егер бала 2-3 жасқа дейін қарапайым сөздерді айтпаса, 3 жасқа дейін сөйлемдер құрап сөйлей алмаса, 3 жастан асқан бала түсініксіз сөйлесе немесе дыбыстарды дұрыс айтпаса және сөздерді жиі бұрмаласа немесе жиі қателіктер жіберсе логопедке бару керек.
—Баланың сөздік қорын қалай жақсартуға болады?
— Баланың сөздік қорын және сөйлеу дағдыларын дамыту үшін тиімді әдістер бар. Ең алдымен, баланың тыңдау және сөйлеу дағдыларын қалыптастыру кітап оқып, әңгімелер тыңдатқан жөн. Балаларға жас деңгейіне сай қызықты кітаптар оқып, әр жаңа сөздің мағынасын түсіндіріп, сюжетке қатысты қарапайым сұрақтар қойып отыру қажет. Осылайша, бала жаңа сөздерді меңгеріп, сөйлемдерді дұрыс құрастыруды үйренеді.
Баланың ойлау қабілеті мен тіл байлығын дамыту үшін «Бұл не?», «Қандай түсте?», «Бұл не істейді?» деген сияқты қарапайым сұрақтар қойып отыру керек. Бұл әдіс баланың қоршаған ортасын түсініп, әр заттың қасиеті мен ерекшелігін ажыратуына көмектеседі. Сонымен қатар, сұрақтарға жауап беру арқылы бала өз ойын жеткізуді, сөйлеу құрылымдарын қалыптастыруды үйренеді.
Баланың дыбыстарды дұрыс айтып, сөйлеу дағдыларын дамытуына арналған әртүрлі ойындарды қолдануға болады. Мысалы, суреттер арқылы сөздерді қайталау, дыбыстарды бөліп айту, жұмбақ шешу сияқты ойындар баланы белсенді ойлануға, дұрыс дыбыстауға үйретеді. Бұл ойындар сөйлеу аппаратын жаттықтырып қана қоймай, баланың есте сақтау қабілетін де дамытады.
—Логопедиялық жаттығулардың нәтижесін қашан көруге болады? Емі ұзақ па?
— Жаттығулар нәтижесі бірден көрінбеуі мүмкін, бірақ тұрақты түрде жұмыс жасалса, бір-екі ай ішінде оң өзгерістер көрінуі ықтимал. Кейде сөйлеу бұзылыстарының ауыр түрлерінде айтарлықтай нәтиже көру үшін бірнеше ай немесе одан да көп уақыт қажет болады. Әсіресе, психикалық-сөйлеу дамуы кешеуілдеген балаларға логопед, дефектолог мамандармен ұзақ мерзімді және жүйелі түрде жұмыс істеу маңызды. Уақыт өте келе бала дыбыстарды дұрыс айту, сөздік қорын кеңейту, сөйлем құрастыру сияқты дағдыларды біртіндеп меңгеріп, сөйлеуінің жақсарғанын көрсетеді.
Тұрақты жұмыс пен шыдамдылықтың арқасында бала сөйлеу дағдыларын жетілдіріп, әлеуметтік ортада өз ойын еркін жеткізуге қабілетті болады.
—Ал логопедиялық терапияда ата-ананың рөлі қандай?
— Логопедиялық терапияда ата-ананың рөлі өте маңызды, өйткені балалардың тілдік және сөйлеу қабілеттерінің дамуы тек логопедтің жұмысымен шектелмейді. Ата-аналар - бұл процестің белсенді қатысушылары. Олардың рөлі бірнеше бағытта көрінеді:
Ата-ана терапияда үйренген әдістерді балалармен үйде жүйелі түрде орындап, дағдылардың бекітілуіне көмектеседі. Ата-ана баланың тілдік дамуындағы өзгерістер мен прогресті бақылап, логопедке баланың жағдайы туралы ақпарат беріп, терапияның нәтижелерін талқылайды. Бұл логопедке терапия әдістерін қажетіне қарай өзгертуге мүмкіндік береді. Ата-ана баланы логопедиялық сабақтарға ынталандырып, оған мотивация береді. Бұл сабаққа деген қызығушылықты арттырып, баланың дамуына оң әсер етеді. Ата-ана балаларға тілдік орта қалыптастырып, бай тілдік қор жасауға тырысуы қажет. Бұл үшін олар баламен көп сөйлесіп, жаңа сөздер мен тілдік құрылымдарды қолдануы керек.
— Үйде ата-ана балаға қандай көмек көрсете алады және қолдау көрсетудің тиімді жолдары қандай?
— Үй жағдайында ата-ана балаларға әртүрлі жолдармен көмек көрсете алады. Ең бастысы – баланың дамуы мен оқуына, жалпы әл-ауқатына қолдау көрсету. Баланың эмоцияларын түсініп, оны тыңдау, түсіністікпен қарау, жігерлендіру арқылы ата-ана балаға сенімділік ұялатып, өз күшіне сенуіне көмектеседі. Оның жетістіктерін атап өту де маңызды.
Сонымен қатар, ата-ана балаға сүйіспеншілік, құрмет және түсіністік көрсетіп, оның жеке қасиеттерін дамытуға қолдау көрсете алады.
— Қазіргі статистика не дейді? Логопедке жүгінушілер саны артып келе ме?
— Статистикаға сүйенсек, соңғы жылдары логопедке жүгінушілер саны артқан. Әсіресе, балалар мен жасөспірімдер арасында сөйлеу және тіл дамыту мәселелеріне қатысты сұраныс жоғары. Балаларда сөйлеу кемістіктерінің көбеюі байқалады, әсіресе аутизм, дислексия, тіл дамуының кешеуілдеуі сияқты жағдайлар жиілеп кеткен.
Сонымен қатар, ересектер арасында да логопедиялық көмекке деген сұраныс өсуде, бұл әсіресе инсульт немесе жүйке жүйесіне әсер ететін басқа да аурулардан кейінгі қалпына келтіру кезеңінде айқын көрінеді.
— Баланың тілі уақытында шықпауы смартфон немесе теледидар көрумен байланысты ма? Оған қандай факторлар әсер етеді?
— Теледидар мен смартфон қолдану тілдің дамуына теріс әсер етуі мүмкін, бірақ оны бірден тілдің кеш шығуының негізгі себебі деу дұрыс емес. Смартфон немесе теледидардан мультфильмдер мен бағдарламаларды ұзақ қарау баланың сөздік қорының дамуына кері әсерін тигізуі мүмкін. Себебі, бала экран алдында көбінесе пассивті тыңдаушы болып отырады, ал мультфильмдер мен бағдарламаларды өзге тілде қарау ана тіліндегі сөздік қоры мен сөйлеу қабілетіне кедергі келтіруі мүмкін.
Тіл, негізінен, әлеуметтік қарым-қатынас арқылы дамиды, сондықтан экран алдында көп уақыт өткізу бұл өзара әрекеттесуді шектейді. Сондықтан, ата-аналар балалардың теледидар қарау уақытын шектеп, қандай бағдарламаларды қарап отырғанына мұқият назар аударып, шектеулі уақытқа ғана көрсеткені жөн.