Білім беру жүйесінде тұрақтылық өздігінен қалыптаспайды. Ол бағдарламалардың мазмұнынан бастап кадрлық саясат пен институционалдық жауапкершілікке дейін сапаның ұзақ мерзімді архитектурасын қалыптастыратын басқарушылық шешімдер арқылы құрылады.
Бұл туралы сұхбатында Қазақстан Республикасы Президенті Іс басқармасы Медициналық орталығының «Қарлығаш» балабақшасының директоры, педагогика ғылымдарының кандидаты Гульшат Онланбекқызы айтып берді.
Оның айтуынша, мектепке дейінгі деңгей бүкіл білім беру жүйесінің стратегиялық нүктесі болып табылады, ал тұрақтылық ең алдымен басқарушылық шешімдердің логикасынан басталады:
«Егер теория тәжірибеде жұмыс істемесе – оның құны жоқ. Егер басқару талдауға сүйенбесе – ол жүйесіздікке айналады».
Білім сапасын бағалау саласындағы тәжірибе әрбір шешімді ұзақ мерзімді нәтиже тұрғысынан қарастыратын модельді қалыптастыруға мүмкіндік берді. Бұл логикада мектепке дейінгі жас – дайындық кезеңі емес, баланың әлемге сенімі, өзін көрсету қабілеті және білім алуға дайындығы қалыптасатын маңызды кезең.
«Қарлығаштың» басқарушылық моделінің ерекшелігі – білім беру, кадрлық және инфрақұрылымдық шешімдердің үйлесуі. Орта сапасы тек көрсеткіштермен ғана емес, эмоциялық ахуалдың тұрақтылығымен де өлшенеді.
«Бала басқарушылық шешімдерді талдамайды. Ол ортаның атмосферасын сезеді», - Гульшат Онланбекқызы дейді.
«Қарлығаш» балабақшасында баланың жан-жақты әл-ауқатын қамтитын кешенді медициналық сүйемелдеу жүйесі қалыптасқан. Ол балалардың физикалық және психоэмоционалдық жағдайын тұрақты диагностикалаудан бастап, теңгерімді тамақтану мен профилактикалық шараларға дейінгі барлық бағыттарды қамтиды. Тамақтану рационы ЮНЕСКО ілгерілетіп отырған «денсаулық мектебі» тұжырымдамасын қоса алғанда, халықаралық ұсынымдар негізінде қалыптастырылады. Ал профилактикалық модельді бассейн, сенсорлық кеңістіктер, тұз бөлмесі, инфрақызыл сауна, «Денсаулық соқпағы» және маусымдық фитошайлар сияқты инфрақұрылым толықтырады.
Денсаулық баланың дамуы мен тиімді оқуының негізі ретінде қарастырылады, сондықтан бұл жүйе білім беру ортасына табиғи түрде ықпалдастырылған. Reggio, сингапурлық әдістеменің элементтері және STEAM сияқты заманауи тәсілдер біртұтас даму моделіне енгізілген, ал «Kidzania» форматтары, медиа-жобалар мен хромакеймен жұмыс балалардың әрекет арқылы үйренуіне мүмкіндік беретін құралдар ретінде қолданылады.
2025 жылы «Қарлығаш» балабақшасы «Үздік балабақша – 2025» республикалық байқауының жеңімпазы атанды. Бір жыл ішінде тәрбиеленушілер мен педагогтер 400-ден астам байқауға қатысып, 381 жүлделі орын иеленді. Алайда, басшының айтуынша, басты нәтиже – балалардағы өзгерістер: олардың сенімділігі, дербестігі және өзара әрекеттесу дағдыларының қалыптасуы.
Білім беру моделінің институционалдық тұрақтылығы сыртқы сараптамамен де расталады. 2020 жылы балабақшаның сапа менеджменті жүйесі ISO 9001:2015 халықаралық стандарты бойынша сертификатталып, 2025 жылы бұл сәйкестік қайтадан расталды.
Сол жылы «Қарлығаш» Қазақстанда NAEYC (АҚШ) халықаралық стандарттары бойынша институционалдық аккредитациядан өткен алғашқы және бүгінгі күнге дейінгі жалғыз мектепке дейінгі ұйым болды. 2025 жылы ұйым МАНАоКО халықаралық институционалдық аккредитациясынан да сәтті өтті. Ол білім беру мазмұнынан бастап басқару процестері мен білім беру ортасының қауіпсіздігіне дейінгі бүкіл жүйені қамтитын кешенді сараптаманы қамтыды.
«Мектепке дейінгі білім беру саласында сенім – стратегиялық ресурс. Ол объективті сараптамамен дәлелденуі тиіс».
Жүйелі дамудың заңды кезеңі ретінде «Бастау» авторлық бағдарламасы қалыптасты. Ол зияткерлік, әлеуметтік-эмоциялық және физикалық дамуды ұлттық мазмұнмен ұштастырады.
2025 жылдан бастап бағдарлама Қазақстанның жеті өңіріндегі мектепке дейінгі білім беру ұйымдарының 16-сында енгізілуде, бұл оның ауқымдылығы мен бейімделгіштігін растайды.
«Жетілген жүйе үнемі сыртқы тәжірибеге сүйене бермейді. Белгілі бір кезеңде ол өзінің әдіснамасын қалыптастырады».
Басқарушылық модельде медициналық сүйемелдеу ерекше орын алады. Кешенді диагностика, дәрігерлер мен педагогтердің өзара іс-қимылы, жүктемені уақтылы реттеу және дамыған инфрақұрылым біртұтас білім беру логикасына біріктірілген. Денсаулық ілеспелі функция емес, білім беру тиімділігінің факторы ретінде қарастырылады.
Басшы дамудың негізгі ресурсы ретінде педагогтерді атайды. 2023 жылдан бастап «Қарлығаш» ҚР Оқу-ағарту министрлігінің ресми Құзыреттілік орталығы мәртебесіне ие болып, өңірлерден келген мамандарды даярлауды және сүйемелдеуді жүзеге асырып келеді. Институционалдық дамудың келесі қадамы – «Қарлығаш хабаршысы» ғылыми-практикалық журналының шығарылуы болды. Ол тиімді тәжірибелерді талдау мен таратуға бағытталған.
«Егер тәжірибе нәтиже берсе, ол сипатталып, кәсіби ортаға жеткізілуі керек».
Болашақ туралы сөз қозғағанда, Гүлшат Онланбекқызы жүйенің икемділігі мен гуманистік ұстанымды сақтаудың маңызын атап өтеді.
«Болашақ дағдылары – тек цифрлық сауаттылық емес. Бұл – үйрене білу, ынтымақтастықта жұмыс істеу және эмоциялық тұрақтылық».
Осы көзқарас тұрғысынан мектепке дейінгі білім беру – жолдың бастауы ғана емес, бүкіл білім беру жүйесінің стратегиялық деңгейі.