Жаңа оқу жылының басталуымен балалардың мектепке дайындығы тақырыбы ата-аналар үшін қайтадан өзекті бола бастады. Алайда «Қарлығаш» балабақшасында келесі білім беру кезеңіне дайындық – бұл бірінші сыныпқа қабылданар алдындағы белгілі бір кезең немесе жекелеген сабақтар жиынтығы емес, мектепке дейінгі жастан басталатын жүйелі жұмыс. Оның негізінде – баланың білімін, практикалық дағдыларын, зерттеушілік белсенділігін, сөйлеу қабілеті мен дербестігін дамытуға бағытталған «Бастау» авторлық бағдарламасы.
«Бастау» бағдарламасы 3 жастан 6 жасқа дейінгі балаларға арналған және дамудың бес бағытын: қимыл-қозғалыс белсенділігін, танымдық-коммуникациялық және зияткерлік дағдыларды, шығармашылық және зерттеушілік қызметті, сондай-ақ әлеуметтік-эмоциялық дамуды қамтиды.
Бұл ретте басты назар білімді механикалық түрде есте сақтауға емес, оны іс жүзінде қолдануға аударылады. Балалар заттарды салыстырып, топтастыруды, заңдылықтарды анықтауды, өз таңдауын түсіндіруді, нұсқаулық бойынша әрекет етуді және шешімді өз бетінше іздеуді үйренеді. Яғни бала жаңа ақпаратты жай ғана меңгеріп қоймай, алған білімін нақты жағдайда қолдануға дағдыланады.
«Мектепке дайындық бірінші сыныпқа дейінгі соңғы жылы ғана басталмайды. Ол баланың біртіндеп жинақтайтын білімі мен сол білімді қолдана білу дағдысы арқылы қалыптасады. Біздің міндет – балаларды түсінуге, салыстыруға, сұрақ қоюға, жауап іздеуге және өз бетінше әрекет етуге үйрету», – дейді «Қарлығаш» балабақшасының әдіскері Нұржан Набатова.
Бағдарламада зерттеушілік тәсілге де ерекше мән беріледі. Бала алдымен не болуы мүмкін екенін болжап, кейін өз болжамын тексеріп, қорытынды жасауға үйренеді. Бұл қағидат эксперименттік және экологиялық іс-әрекетте, соның ішінде балалардың шағын бақтардағы өсімдіктермен жұмысында да қолданылады. Бір қарағанда қарапайым болып көрінетін осындай тапсырмалар арқылы баланың сұрақ қоюдан қорықпай, өз түсіндірмесін іздеу дағдысы қалыптасады.
Баланың сөйлеуі мен ойлауын дамытуға да ерекше көңіл бөлінеді. Мысалы, этникалық ертегілерді оқығаннан кейін балалар кейіпкерлердің әрекеттерін талқылап, оқиғаның әрі қарай дамуына қатысты өз нұсқаларын ұсынады және өз көзқарасын дәлелдеуге үйренеді. Дене белсенділігі де білім беру үдерісінің бір бөлігіне айналады: жүзу сабақтары қимыл үйлесімділігін, зейінді, дербестікті және нұсқаулықтарды сақтай білуді дамытуға ықпал етеді.
«Біз үшін баланың өз ойын есту маңызды. Ол кейіпкердің неліктен бұлай әрекет еткенін түсіндіргенде, оқиғаның аяқталуына өз нұсқасын ұсынғанда немесе өзі сол жағдайда не істейтінін айтқанда, ойын жеткізуге және өз пікірін дәлелдеуге үйренеді», – дейді тәрбиеші Гульбакира Өміртаева.
Осылайша, әртүрлі сабақтарды біртұтас қағидат біріктіреді: бала білім алады, оны іс жүзінде қолданады, нәтижесін көреді және қорытынды жасауды үйренеді. Мұндай тәжірибе мектепке дайындықтың маңызды бөлігіне айналады: балаға тек жауапты білу ғана емес, тапсырманы түсіну, өз ойын түсіндіру, өз бетінше жұмыс істеу және шешім табу қажет болады.
«Уақыт өте келе балалардан: "Менің ойымша, былай", "Басқаша жасап көрсек бола ма?" деген сөздерді жиі ести бастайсың. Біз үшін бұл – маңызды динамика. Бала білімді жай ғана қабылдап қоймай, оны өз бетінше қолдана бастайды», – деп атап өтті Нұржан Набатова.
«Бастау», яғни «басталу», «алғашқы қадам» деген мағынаны білдіретін бағдарлама атауы оның негізгі идеясын дәл көрсетеді. Мектепке дейінгі кезеңде баланың кейінгі білім алуына негіз болатын алғашқы білімі мен дағдылары қалыптасады. Сондықтан «Бастау» бағдарламасының міндеті – балаға мектеп бағдарламасын алдын ала меңгерту емес, оның әрі қарай білім алу жолын жеңіл әрі сенімді бастауына мүмкіндік беретін негіз қалыптастыру.
Толғырақ осы сілтеме арқылы оқи аласыз.