ГлавнаяРазвиваем речь ребенка на прогулке

Развиваем речь ребенка на прогулке

Развиваем речь ребенка на прогулке

«Egemen Qazaqstan» газетіне жақында «Баланың тілі шықса – тәтті» атты мақала жарияланған болатын. Осы бір өзекті мәселе көтерілген материалдан кейін қолға қалам алдық. Өйткені онда әріптесіміз баланың дамуында ата-ананың білімі маңызды екенін айтыпты. Өте орынды сөз. Ал сәбидің физиологиялық, психологиялық, тіл даму ерекшеліктерінен хабары жоқ жандардың танымын кеңейту – біз секілді мамандардың міндеті.

Бала тілінің кеш шығуы техника мен технология дамыған заманда түйінді түйткілге айналып тұр. Дегенмен әр қиындықтан шығудың кемінде бір жолы болатынын ұмытпауымыз керек. Мен ұсынатын жол қайсы?

Күн ұзарып, жаз жақындап келеді. Мұндайда әрине, күніне бір мезгіл серуенге уақыт табылады. Ал көп ата-ана дәл осы серуеннің бала тілін, сөйлеуін дамытудың таптырмайтын тәсілі екенін ескере бермейді. Логопед ретіндегі тәжірибемізде көз жеткізген ой осы болды: «Тілді дамытуға ең қолайлы орта мен тәсіл – көшеде серуендеу». Мұны аталған тәсілді қолданып жүрген өзге әріптестерім де растай жатар. Әуелі неліктен қолайлы, тиімді екенін қысқаша талдай кетейік.

Бала көшеде серуендегенде айналасын­да­ғы әлем туралы түсінігін кеңейтеді, әсер алады. Көшедегі көріністерге: үйлер­ге, адамдарға, көліктерге, ағаштарға, құс­тар­ға, жануарларға қарап, жаңа дыбыс­тар мен иістерді таниды. Табиғат-ана сыйлаған осы «байлықтың» бәрін, адамзат еңбегімен жасалған игілікті сөзбен айтуға мүмкіндік туады, шабыт алады.

Демек бала белсенді қозғалса, жаңа әсерге бөленеді. Саябақтағы жолдарда жүгіреді, ойын алаңындағы баспалдаққа көтеріледі, көгершіндерді ұшырып ойнайды, қар немесе мұз, құм яки шұңқырдағы суды қарайды. Басқаша айтқанда, жас зерттеушінің қозғалыс белсенділігі оның сөйлеу және ақыл-ой дамуының міндетті шартына айналады.

Міне, сондықтан да сөйлеуді дамытатын серуендер неғұрлым көп болса, баланың сөздік қоры байи түседі және көз алдындағы дүние оның өз бетінше сөйлеу қабілетін қалыптастырады.

Иә, тілді дамытатын серуен дедік. Мұндай серуенді қалай ұйымдастыруға болады? Синонимдерді қолдану арқылы сөйле­міңізді түрлендіруге тырысыңыз: дым­қыл құмды дымқыл, ылғал деп атау­ға болады. Баланы салыстыруға және талдауға үйретіңіз: таңертең құм шықтан (жаңбырдан кейін) ылғал болды, ал күндіз күннің шуағынан кеуіп кетеді. Баламен бірге құмға қарап, құрғақ құмның төгіліп жатқанына назар аударыңыз, ал дымқыл құмнан түрлі формалар жақсы шығады, өйткені ол сумен «жабысады». Құмсалғышта ойнап, шелекке немесе құмыраға құм толтырып, құм жолағына жол төсеп жатқанда, бала мезгіл-мезгіл анасының бұл заттарды қалай атайтынын естуі керек. Анасының сөзінде (құм – құмды – құмсалғыш – құмсауыт» секілді сөзжасамдар болғаны жөн. Сонда бала біртіндеп тілдің құпиясымен танысады. Және қарсы мәндес сөздерді де қолдану қажет. Сол арқылы «жақсы» және «жаман», «үлкен» және «кішкентай» деген сөздерді ажырата білуді үйренеді.

Қарапайымнан – күрделіге қағи­да­сы. Тиін. Тиін секіреді, Тиін жаңғақ жейді. Тиін бұтақтың артына тығылды.

Сөйлеудің дұрыс грамматикалық құ­рылымы үшін көшеде санаған да жақ­сы нәтиже береді: бір қызыл машинА, әртүрлі машинаЛАР, ...қызыл ма­шинаЛАРҒА. Осылайша бала санауды, түстерді ажыратуды, көпше түрде жалғаулардың қалай жалғанатынын біледі. Мысықтарды, кеп­тер­лерді, тастарды, жапырақтарды және басқаларды санауға болады.

Дыбыстармен ойнаймыз: біз бе­ріл­ген дыбысы бар заттарды табамыз, сөз­де­гі «Ш» дыбысы сөзде нешінші екенін ай­та­мыз (қашық – үшінші). «Ш» дыбысы сөздің басында (шана), соңында кездесетін сөздерді де (Сайраш) табамыз.

«Бір-көп» ойыны. Менде бір қысқа таяқ бар, ал сізде ұзын таяқтар көп. Менде бір бақ-бақ бар, далада ұзын-қысқа бақ-бақтар бар. Бала қазақ тілінде көптік мағына беретін (көптеген, біраз, барлық, он шақты, мыңдаған) сөздерден кейін келетін зат есімге көптік жалғау жалғанбайтынын түсінуі керек. Мысалы, аулада көп бақ-бақ бар. Бала 5 жасқа дейін ақпаратты барынша есте сақтауға қабілетті келеді. Ол кейбір күрделі ережені түсінбесе де, айтылуы есте сақталып, санасында жаттала береді.

Жұмбақтар. Айналаңыздағы бір заттың атауын жасырыңыз және бірінші дыбысын атаңыз немесе затты сипаттаңыз. Бала соны табуы қажет.

Жаяу жүрудегі тағы қандай әсер немесе айналадағы мүмкіндік сөйлеуді дамытуға түрткі бола алатынын сіздің зейініңіз бен қиялыңыз айтады.

Бірақ мына нәрселерді есте сақтау маңызды:

– серуеннен жарқын әсер, жағымды эмоция қалыптасу керек. Бұл – баланы сөйлеуге итермелейтін ең тиімді құралдардың бірі. Басқаша айтқанда, бала соның әсерінен көргенін айтуға құлшынып, бұл туралы жақындарына, досына жеткізуге асығады.

– сөйлеу жаңа дүние жасауға бағыттал­са, бала қызығады. Айналасын түсінуге ғана емес, бала үшін жаңа нәрсені үй­рену­ге, жаңа дүние жасауға, қоршаған әлемді та­нуға байланысты күрделі ақыл-ой әре­кет­терін орындауға мүмкіндік береді.

Таза ауада қызықты серуен мен көңілді диалог көп болсын!


 

Айдана БАЛҒАБЕКОВА,

«Қарлығаш» балабақшасының логопеді