Басты бетҚауіпсіз мереке: Жаңа жылды баламен қалай қарсы алған жөн

Қауіпсіз мереке: Жаңа жылды баламен қалай қарсы алған жөн

Қауіпсіз мереке: Жаңа жылды баламен қалай қарсы алған жөн Қауіпсіз мереке: Жаңа жылды баламен қалай қарсы алған жөн Қауіпсіз мереке: Жаңа жылды баламен қалай қарсы алған жөн Қауіпсіз мереке: Жаңа жылды баламен қалай қарсы алған жөн

- Алдағы аптада жаңажылдық ертеңгіліктер басталады. Қоғамдық орындарда баланы түрлі инфекциялардан қалай сақтауға болады? Әңгімені осыдан бастасақ...

- Егер балаңыз 5-ке толмаса, адам көп жиналатын іс-шараларға бармауға кеңес беремін. Сіз балабақшадағы ертеңгілікке бардыңыз делік, одан кейін басқа іс-шараларға барудың қажеті жоқ. Сауда орталықтарына да баруды азайтуға тырысыңыз, өйткені қазір қызылша, көкжөтел аурулары белең алған. Сондай-ақ ЖРВИ мен тұмау жүріп жатыр.

Баланы қалай қорғауға болады? Оны инфекциядан қорғау мүмкін емес. Баланың ағзасындағы дәрумен жетіспеушіліктерін нутрацевтиктермен қамтамасыз ету, үйге келген кезде қолды антисептикпен тазалау, толық тамақтану қажет. Өкінішке орай, қызылша, желшешек, көкжөтел сияқты вирустық ауруларды емдеудің нақты әдісі жоқ. Дәрігерлер ауырған жағдайда көбірек сұйықтық ішуге, температураны түсіретін препараттарды қабылдауға кеңес береді. Мен сондай-ақ А, Д, С дәрумендерін, омега 3, магний, мырышты вирустың алдын алу шаралары ретінде ішуді ұсынамын.

- Ал, бала ауырып қалса, мерекеден бас тартқан жөн бе?

- Бұл жерде баланың жағдайына қарау керек. Егер жіті респираторлық вирустық инфекция жұқтырса немесе қызылшамен ауырып қалса, дерт ауыр өтсе, міндетті түрде баланы ауруханаға жатқызған жөн. Бірақ кейде ата-ана өтініш жазып, ауруханаға жатудан бас тартады. Мұндайда мерекеге орай үйге қонақ шақырмауға, жалпы мерекені барынша отбасы мүшелерімен қарапайым өткізуге кеңес берер едім. Өйткені баланың жағдайы үнемі назарда болып, дәрігер жазып берген ем-домды уақтылы беру қажет.

Ал егер ЖРВИ жеңіл өтсе, бала белсенді, көңілді болса, аздаған жөтел, мұрнынан су ағу болса, бірақ өзін жақсы сезінсе, онда мерекелік кештен бас тартудың қажеті жоқ.

Сондай-ақ бала ауырып қалған жағдайда оны өздігінен емдемей, дәрігерге көрсетуге кеңес беремін. Мәселен, қазір елімізде белең алған қызылшаның алғашқы белгілері ЖРВИ-мен өте ұқсас. Алғашқы екі күнде оны басқа инфекциялардан айыра алмайсың.

Дәрігерге көрсетіп, маманның рұқсатымен баланы мерекеден айырмай, ертеңгіліктерге де апаруға болады.

- Балаға қандай сыйлықтар беру керек және неден бас тартқан дұрыс? Неліктен?

- Бала тәрбиесін, денсаулығын бірінші орынға қоятын саналы жас ата-аналар көбейіп келеді, бұл – қуантарлық жайт. Мен де мысалы, отбасымның және баламның тамақтануын әртараптандыру үшін нутрициологияны тереңдете білгім келеді. Тамақтану – денсаулықтың негізі. Жаңа жылда тәтті сыйлық алу дәстүрге айналған, десек те қорапшадағы тәттілерді басқа пайдалы заттармен алмастыруға болады, мәселен жемістердің қағына, кәмпиттің орнына мармелад, киви, мандарин, құрма, апельсин, банан, глютенсіз печенье, қантсыз зефир салған жақсы.

- Жаңа жылды түнгі сағат 00.00-де қарсы алғандықтан, әдетте балалардың режимі бұзылады. Бұл қаншалықты дұрыс?

- Егер жылына бір-екі рет, жаңажылдық мерекеде баланың күн тәртібі бұзылса, ештеңе етпейді. Күн тәртібі не үшін керек? Бұл – ең алдымен тәртіпке үйрету. Сондай-ақ ғалымдар ерте жатып, ерте тұрған баланың сабақ үлгерімі жақсы болатынын, басқаларынан оқ бойы алда жүретіндігін, әлеуметтік өмірге де тез бейімделетінін дәлелдеді. Күн тәртібі, сондай-ақ мектепке дейінгі жастағы балаларға денсаулықты қалыпты ұстау үшін де керек. Бала туғаннан кейінгі алғашқы бес жылда ол жылдам өседі, сүйек, бұлшықеті, миы жетіледі.

Баланы сағат 23.00-ге дейін жатқызу керек. Өйткені, сағат 23.00-ден кейін ағзада мелатонин, грелин, лептин, қалқанша без гормоны өндіріледі. Ересектерде гормоналдық жағдайы қалыпқа келеді, балаларда егер кеш жатса көп мөлшерде кортизол, яғни күйзеліс гормоны бөлінеді. Салдарынан бала тынышсызданып, қыңырланады, ашуланшақ болады. Тамақты да таңдап ішеді.

- «Дастархан қаншалықты мол болса, келер жыл соншалықты молшылықта өтеді» деген ырым бар. Балалар да мұндайда неше түрлі тағамды көп жеп қоюы мүмкін. Осы ретте ата-ана нені есте ұстағаны жөн?

- Мерекеге қарамастан баланың тамағы әртүрлі болуы керек. Сондықтан, осы отбасылық мерекеде де ата-аналар салаттарға майонез, қыша, ащы тұздықтарды барынша аз қосқаны жөн. Құрамында көп мөлшерде аралас майы бар торттар, тәттілерді де аз мөлшерде тұтынғаны жөн. Мерекелік дастарханда тағамдардың көптігі баланың ас қорыту жүйесін бұзуы мүмкін. Ересектердің сүйікті консервілері – ішек инфекцияларының көзі. Балалар уланған жағдайда ыстығы көтеріліп, құсуы, іші өтуі ықтимал. Сондықтан ата-аналар бұл өнімдерді барынша аз қолданғаны жөн. Өнімдердің жарамдылық мерзіміне назар аударып, тәттілерді қақпен, кептірілген өрік пен мейіз қосылған, кептірілген алма компотымен ауыстыру керек, тортты сүзбе немесе алма қосылған бәлішпен (шарлотка) алмастыруға болады.

- Жаңажылдық мерекелерде қандай қауіпті жайттар болуы мүмкін?

- Жаңа жыл – көпшілік асыға күтетін отбасылық мерекелердің бірі. Бірақ, үйде кішкентай бала болса, кей ережелерді есте ұстаған жөн. Соның ішінде, баланың қолына пиротехникалық бұйымды беруге болмайды. Күйіп қалған, салдарынан қолды ампутациялауға дейін барған жағдайлар болды. Егер 6 жастан асқан бүлдіршін болса, бенгаль шамын денесінен алыс ұстағаны дұрыс. Петарда да өте қауіпті. Сондықтан ересектер қауіпсіздік шараларын естен шығармауы тиіс.

Шырша – жаңажылдық мерекенің атрибуты. Үйде кішкентай бала болса, шыршаны үстіне құламайтындай етіп мықтап бекіткен жөн. Ұсақ ойыншықтарды баланың қолы жетпейтіндей, жұтып қоймайтындай ілу керек.

Жаңа тағамдарды, жемістерді абайлап қолдану қажет. Мысалы, экзотикалық жемістерден, теңіз өнімдерінен аллергия болуы мүмкін. Үйдегі медициналық қобдишада үнемі антигистаминді препараттар тұруы тиіс.

- Қысқы демалыс кезінде ата-аналар ұстануы тиіс негізгі қауіпсіздік ережелерін атап өтсеңіз...

- Баланы есік алдына жалғыз жіберуге болмайды. Үйге кіре берістегі немесе терезе алдындағы тау болып үйілген қарға аунап ойнауына жол бермеңіз, сондай-ақ балалар үйілген қардан секіріп ойнағанды жақсы көреді, бұл да қауіпті. Қардың астында сынған бөтелке, тас немесе басқа да қауіпті заттар жатуы мүмкін.

Балаға қарды, мұзды аузына салуға қатаң тыйым салыңыз. Онда көзге көрінбейтін көптеген микроб бар.

Қар лақтырысып ойнағанда бетке тиюі мүмкін екенін ескерткен жөн.

Қарды үңгіп, астына кіру қауіпті, ол опырылып кетіп, бала астында қалуы мүмкін. Ал аязды күндері бала үсіп қалмауы үшін, мүмкіндігінше далаға шығармаған жөн.

Жалпы баланың қауіпсіздігі – ата-ананың жауапкершілігі, сондықтан назардан тыс қалдырмаған жөн.

- Жаяу серуендеу туралы айтатын болсақ, баламен далада қанша уақыт өткізу керек?

- Қыста далада серуендеу ересектерге де, балаларға да пайдалы, өйткені бұл ағзаны шыңдайды. Бір сағат далада жүру жеткілікті. Ең бастысы, баланы ауа райына сай киіндіру, тоңбайтындай, терлемейтіндей болуы керек. Егер де ол ЖРВИ, тұмаумен ауырса, бірақ дене қызуы көтерілмесе, далаға шығарып, 20-30 минут серуендетуге болады.

- Демалысты мүмкіндігінше жақсы және пайдалы ету үшін ата-аналарға қандай кеңестер беруге болады?

- Демалыс күндерін тиімді өткізу үшін ата-аналар балаларды тек серуендеуге ғана емес, сонымен қатар қосымша дене шынықтыру сабақтарына, үйірмелерге апарғаны жөн. Спортпен – гимнастика, жеңіл атлетика, бокс, футболмен белсенді айналысатын балалар мектепте жақсы оқиды және тәртіпті келеді. Ең бастысы, мұндай балалар аз ауырады. Қазір оқушылар сарайында балалар спорт секцияларына қатыса алатын тегін үйірмелер жеткілікті. Демалыс күндерін отбасыңызбен белсенді өткізуге тырысыңыз!

- Рахмет!

https://kaz.inform.kz/news/kaupsz-mereke-zhana-zhildi-balamen-kalay-karsi-algan-zhon-c5616c/