Бала денсаулығы — кез келген ата-ана үшін өте маңызды. Сол үшін осы тақырып туралы білікті маманмен сөйлесіп көрейік.
Біздің бүгінгі кейіпкеріміз – Есімсейітова Зәуре Оразқызы. 2011 жылы ҚР ПІБ МО «Қарлығаш» балабақшасының тамақтану бөліміне жұмысқа орналасқан.
Бүгінде №2 балабақшаның бас аспазы болып істейтін Зәуре ханым:
- Менің түсінігімде аспаз – жай ғана тамақ пісіретін маман емес. Ол сол істеген тамағы арқылы балаға барлық күш-қуат, мейірім мен жылу сыйлайды. Сондықтан жақсы аспаз – баланың болашаққа деген үлкен қадамдарының кепілі. Балабақшада балалардың орташа жасы негізінен 3-6 жасты құрайды. Олардың өсуі мен дамуы үшін үнемі барлық пайдалы затты беру керек. Күнделікті рационына ет, балық, сүт өнімдері, көкөніс, жеміс сияқты тағам түрлері кіреді. Балалардың күнделікті рационында сонымен қатар таза судың алар орны ерекше. Аталған жастағы балалардың сұйықтыққа деген қажеттілігі 1 килограммға шаққанда, шамамен 70 мл құрайды. Таза су – тіршіліктің қайнар көзі,- дейді.
Аспаз сөз етіп отырған өнімдерде В1 дәрумені көп, ол ас қорыту жүйесінің қалыпты жұмыс істеуі үшін өте қажет. Ал А дәрумені адамның өсу процесіне жауап береді. Оның аз болуы салдарынан баланың дамуы бәсеңдеп, жұқпалы ауруларға қарсы иммунитеті әлсірей бастайды.
Көп жағдайда балаға С және А дәрумендері жетіспей жатады. Мұның салдарынан баланың физикалық дамуы баяулайды, тез әлсірейді. Сәйкесінше иммунологиялық қорғаныстың әлсіздігі пайда болады. Оған қоса ағзаға жоғарыда атап өткен жеміс-жидек, көкөніс, ет, балық, сүт өнімдері жеткілікті мөлшерде жетпесе, ас қорыту жүйесі бұзыла бастайды.